1,2 трлндық агроқуат
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге артып, 1,2 трлн теңгеге жетті.

Соңғы 8 жылда Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, өңір республикадағы жетекші аграрлық аймаққа айналды.
Осы жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл егіс көлемі 919,4 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайды.

Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған 27 мың гектардың орнына биыл 50 мың гектар алқапқа жаңа технология енгізілмек. Нәтижесінде жалпы көлемі 164 мың гектар жер су үнемдеу жүйесіне көшіп, 280 млн текше метр су үнемделеді.

Түркістанда мақта-тоқыма кластерін дамытуға басымдық берілген. Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 11 зауыттың 5-еуі іске қосылды. Олардың қатарында мақта өңдеу, тамшылатып суару таспаларын шығару, ПВХ құбырларын өндіру және жіп иіру фабрикалары бар. Жоба аясында 1200 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын ішкі нарықпен қатар экспортқа да өнім шығармақ.

Жылыжай шаруашылығы да өңір экономикасының маңызды бағытына айналды. Бүгінде облыстағы жылыжай көлемі 1006,7 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 72 пайызды құрады. Өткен жылы жылыжайлардан 113 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Соңғы жылдары шаруалар банан, лимон және құлпынай сияқты субтропикалық өнімдерді өсіруді меңгерді. 2025 жылы өңірде 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

Мал шаруашылығы бойынша да Түркістан облысы республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Елдегі ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қараның 13 пайызы осы облыстың үлесінде. Сонымен бірге экспортқа шығарылатын ірі қара еті мен қой етінің басым бөлігі Түркістаннан жөнелтіледі.
Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 1115 жобаға 15,3 млрд теңге көлемінде несие беру жоспарланған.


