Жасанды интеллект жұмысшы мамандарды қалай дайындайды?

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдары белсенді енгізіліп жатыр, деп хабарлайды turkistanlife.kz
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 763 колледжде 556 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың 70 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін оқиды. Ал кадр даярлау ісіне шамамен 40 мың педагог тартылған.
Саладағы басты жаңалықтардың бірі – ChatGPT Edu платформасын оқу үдерісіне енгізу. Бұл жоба аясында педагогтерге OpenAI әзірлеген халықаралық бағдарлама арқылы 10 мың лицензия бөлінген. Қазақстан осы бастамаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.
Жасанды интеллект мүмкіндіктері ұстаздарға сабақ жоспарларын құруға, тест тапсырмаларын әзірлеуге және күрделі техникалық материалдарды бірнеше тілге бейімдеуге көмектеседі. Сонымен қатар студенттермен тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, оқу процесінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдану еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді. Осы мақсатта колледж бағдарламаларына заманауи өндірістік технологиялар мен WorldSkills стандарттарына негізделген цифрлық модульдер енгізілген. Жаңартылған шеберханалар мен зертханалар жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырып, экономиканың инновациялық салалары үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға негіз болмақ.



