Қазығұртта «Қайырымдылық күні» аясында 22 отбасына көмек берілді

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Наурызнама онкүндігі аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жалғызбасты қарттарға қолдау көрсету шарасы өтті. Қайырымдылық акциясы барысында 20-дан астам мұқтаж жанға қажетті азық-түлік себеттері таратылды,деп хабарлайды turkistanlife.kz
Жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігінің «Қайырымдылық күніне» орайластырылған бұл шара қоғамда өзара көмек пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — игі істер арқылы азаматтарды бірлікке және мейірімділікке жұмылдыру.

Игі бастамаға аудан тұрғындары, еріктілер және жергілікті мекеме қызметкерлері біркісідей атсалысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға, атап айтқанда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға нақты көмек жеткізілді.
«Бұл шара арқылы біз қазақ қоғамына тән бауырмалдық пен үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтарды ұлықтаймыз. Бүгін 22 отбасыға арнайы дайындалған себеттер табысталды», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Аудан әкімдігі мен еріктілер мұндай қайырымдылық акцияларының бір реттік емес, жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.



