Келес ауданында Мұхтаровтар әулеті отбасылық кәсіпті табысты өркендетіп отыр

Келес ауданының Ұшқын ауылында тұратын Мұхтаровтар отбасы сүт өңдеу және мал бордақылау ісін қатар дамытып, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Бүгінде шағын кәсіп иелері тәулігіне 500 литр сүт өңдеп, өнімдерін еліміздің ірі қалаларына дейін жеткізуді жолға қойған.

Кәсіпкер Малика Мұхтарова ауыл тұрғындарынан сүт жинап, одан айран, қаймақ, сары май, құрт және ірімшік секілді дәстүрлі өнімдер дайындайды. Қазіргі таңда цехта төрт арнайы техника жұмыс істейді. Өндірілген табиғи өнімдер тек жергілікті базарларда ғана емес, Шымкент және Алматы қалаларында да үлкен сұранысқа ие.

Шаруа иесінің айтуынша, кәсіптің табысты болуы — өнімнің сапасы мен тазалығында.
«Біз барлық өнімді табиғи әрі сапалы дайындауға ерекше мән береміз. Осы еңбектің арқасында ай сайын 500 мың теңгеден астам табыс тауып отырмыз», — дейді .

Отбасылық бизнестің екінші бағыты — мал бордақылау шаруашылығы. Отағасы Қалдыбай Мұхтаров үй ауласында 20 бас ірі қара мал бағып отыр. Дайын ет өнімдері аудан орталығындағы базарларға шығарылып, тұрғындарға ұсынылады. Бұл бағыт сүт өндірісімен қатар жүріп, отбасылық бюджеттің еселенуіне септігін тигізуде.
Төрт перзент тәрбиелеп, сегіз немере сүйіп отырған Мұхтаровтар әулеті — тек кәсіпкерлікте ғана емес, отбасылық құндылықтарды сақтауда да үлгілі жанұя. Ауылдағы шағын істі берекелі кәсіпке айналдырған бұл отбасының тәжірибесі өңірдегі кәсіпкерлік мәдениеттің дамуына жақсы үлгі болып отыр.



