Басты жаңалықтар

Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артты

Түркістан қалалық орталық ауруханасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтіп, медициналық мекеменің соңғы жылдардағы жетістіктері таныстырылды. Журналистер аурухананың бөлімшелерін аралап, жоғары технологиялық медициналық көмектің көрсетілу барысымен танысты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Аурухана Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты ірі көпсалалы медициналық ұйымдардың бірі саналады. Медициналық мекеме 2024 жылы І санатты аккредитациядан өтіп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету деңгейін арттырды. 2025 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін қызмет көлемі 28,16 пайызға өсті. Қазіргі таңда тұрғындарға жоспарлы және шұғыл медициналық көмек толық қаржыландырылып, компьютерлік томография, ангиография, эндоскопиялық зерттеулер секілді қымбат диагностикалық қызметтер тегін ұсынылуда.

Сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі 9,39 пайызға артқан. Интервенциялық кардиология бөлімшесінде 1700-ден астам коронарография және стенттеу операциясы жасалды. Сонымен қатар жүрекке бірнеше автоматты кардиовертер-дефибриллятор мен CRT-D құрылғылары имплантацияланған.

Нейрохирургия саласында да күрделі операциялар саны артып келеді. Өткен жылы геморрагиялық инсультпен түскен науқастарға 20 шұғыл ота жасалып, өңірде алғаш рет кезбе жүйкесін ынталандыратын аппарат орнатылды. Бұдан бөлек, эндоваскулярлық емдеу әдістері енгізіліп жатыр.

Облыста алғаш рет кохлеарлық имплантация жасалып, 2025 жылы 40 пациентке операция жасалды. Ал травматология және ортопедия бөлімінде жамбас пен тізе буындарын протездеу бойынша 85 ота жүргізілді. 2022 жылдан бері жұмыс істейтін жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде 1800-ден астам реконструктивті операция орындалған. Мұнда Түркістан облысымен қатар, өзге өңірлерден келген науқастар да ем қабылдауда.

Медициналық мекеме Сауран, Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласының тұрғындарына стационарлық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар телемедицина және медициналық авиация арқылы шалғай елді мекен тұрғындарына да кеңес берілуде.

Алдағы уақытта аурухана 570 төсек-орынға арналған жаңа облыстық көпсалалы ауруханаға көшуді жоспарлап отыр. Жаңа медициналық орталықта нейрохирургия, эндоваскулярлық хирургия, кардиохирургия, гемодиализ және онкологиялық қызметтерді дамыту көзделген.

Аурухана басшысы Гүлмира Ахметованың айтуынша, медициналық ұйымның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына жоғары технологиялық әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету.

Басқа жаңалықтар

Back to top button