Қазақстан алтын сатып алуда әлемде екінші орынға шықты

2025 жылы Қазақстан 57 тонна алтын сатып алып, әлемдегі ең ірі сатып алушылардың бірі атанды. Бұл туралы turkistanlife.kz хабарлайды, Finprom.kz сілтеме жасап.
World Gold Council деректеріне сәйкес, алтынды ең көп сатып алған мемлекет Польша – 102 тонна, Қазақстан – 57 тонна, Әзербайжан – 53,4 тонна, Бразилия – 42,8 тонна және Түркия – 26,1 тонна. Өзбекстан мен Қырғызстан да 7,8 және 7,6 тоннамен белсенді елдер қатарында болды.
2025 жылы алтын бағасы тарихи шегіне жетіп, бір троя унциясы 2,8 мың доллардан жыл соңына қарай 5 мың доллардан жоғары деңгейге көтерілді. Баға өсіміне геосаяси тұрақсыздық, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі ықпал етті. Сондай-ақ, Қытай мен Үндістан орталық банктерінің сұранысы да артты.
Айта кетейік , соңғы алты жылда Қазақстан ірі сатушылар тізімінде де болған еді. Мәселен, 2022–2024 жылдары Ұлттық банк резервтерді әртараптандыру мақсатында 118,3 тонна алтын өткізген. Алайда 2025 жылы елдің қаржылық саясаты өзгеріп, рекордтық бағалар мен геосаяси белгісіздік жағдайында алтын қорын қайта толықтыру басталды.
Қазіргі таңда әлемнің орталық банктері 36,5 мың тоннадан астам алтын иеленіп отыр, бұл – өндірілген металдың шамамен 20 пайызы. АҚШ 8,1 мың тоннамен көш бастап тұр. Германия, Италия және Франция кейінгі орындарда, ал Ресей 2,3 мың тоннамен алғашқы бестікті түйіндейді. Қазақстан 341 тонна қорымен 16-орында, ал Өзбекстан 390,3 тоннамен екі саты жоғары орналасқан.



