Басты жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Не болып жатыр?

28 ақпан күні әлем назары Таяу Шығысқа ауды. АҚШ пен Израиль Иран аумағына бірлескен әскери соққы жасап, аймақтағы шиеленістің жаңа шегіне жеткенін көрсетті. Иранның ресми ақпарат құралдары елдің бірнеше ірі қаласында жойқын жарылыстар болғанын жарыса жазып жатыр.

Бұл әскери қимылдардың басында АҚШ президенті Дональд Трамп тұр. Ол Тегеранды ядролық бағдарламаны жасырын дамытып жатыр деп айыптап, тек бұл емес, Иранның бүкіл ракета өнеркәсібін де жермен-жексен ететінін кесіп айтты. Жауап ретінде Иран тарапы да қарап қалмай, Израиль аумағына зымырандар ұшырып, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірқатар әскери базаларына соққы жасалғанын хабарлады.

Трамп: “Болашақ үшін жасалған ұлы миссия”

Шиеленіс ушыққан сәтте АҚШ президенті Дональд Трамп халыққа 8 минуттық арнайы мәлімдеме жасады. Ол Иранға қарсы «ірі әскери операцияның» басталғанын ресми түрде жариялады. Айта кетерлігі, бұл мәлімдемеден бірнеше сағат бұрын Израиль Тегераннан төнетін «қауіпті сейілту» мақсатында Иранға алдын ала «превентив соққы жасағанын» хабарлаған болатын.
Әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде Трамп бұл қадамның негізгі мақсаты — «Иран режимінен төнген қатерге төтеп беріп, Америка халқын қорғау» екенін қадап айтты. Ол соғыстың ауыр зардаптары болатынын да жасырмады.

Трамптың айтуынша, Тегеран былтырғы маусымда болған Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыстан кейін де сабақ алмаған және ядролық бағдарламасын тоқтатпай жалғастырып келген. Осыған байланысты, АҚШ енді Иранның ұзақ қашықтыққа ұшатын ракеталарын түгелдей жоюды көздеп отыр.

Соғыс өрті қалай тұтанды?

Көптеген саяси сарапшылар мен оқырмандарды мазалаған басты сауал: «Бұл қақтығысты кім бірінші бастады?» Оқиғалар тізбегіне үңілсек, 28 ақпандағы жағдай бір күнде пайда болған жоқ.

Ресми деректер бойынша, бұл жолғы шабуылды алғаш болып Израиль мен АҚШ бастады. Израиль тарапы бұл әрекетін «превентив соққы», яғни алдын алу шарасы деп атады. Олардың уәжі бойынша, Тегеран тарапынан төнетін «қауіпті сейілту» үшін бұл қадамға барудан басқа амал қалмаған.
Алайда бұл соғыстың тамыры тереңде жатыр. Дональд Трамп өз мәлімдемесінде бұл операцияның негізгі себебі ретінде мына жайттарды алға тартты:

  • Келісімнің бұзылуы: АҚШ-тың айтуынша, Тегеран былтыр маусым айында болған 12 күндік соғыстан кейін де ядролық бағдарламасын тоқтатпай, керісінше дамыта берген.
  •  Дипломатияның тығырыққа тірелуі: Трамп әкімшілігі Иранмен мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқанын, бірақ Тегеранның барлық мүмкіндіктерді қабылдамай тастағанын айыптайды.
  •  Ракеталық қауіп: Иранның ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандары мен ядролық амбициясы АҚШ пен оның одақтастары үшін «қызыл сызықтан» өтіп кеткен.
    Дегенмен, Иран тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып, АҚШ пен Израильдің әрекетін «негізсіз агрессия» деп бағалады. Олар өз кезегінде «Отанды қорғау» ұранымен Израильге зымыран жаудырып, АҚШ базаларына соққы жасау арқылы жауап қайтарды.

Түтін құшағындағы Тегеран

28 ақпан таңы Иран халқы үшін үрейлі басталды. Елдің бірнеше ірі стратегиялық қалаларында жойқын жарылыс дыбыстары естіліп, аспанды қою түтін торлады. Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, соққы астында қалған қалалардың тізімінде Тегеран, Тебриз, Исфахан, Қом, Лорестан және Шабахар бар.
Әлеуметтік желілерде Тегеран орталығынан түсірілген видеолар мен фотолар тез тарап үлгерді. Кадрлардан қала аспанына көтерілген қара түтін мен қираған нысандарды анық көруге болады.

«Превентив соққы»: Израильдің мәлімдемесі
Оқиғадан көп ұзамай Израиль қорғаныс министрі Исраэль Катц ресми мәлімдеме жасап, бұл операцияның мақсатын түсіндірді.
«Израиль мемлекеті өзіне төнген қауіпті сейілту үшін Иранға превентив соққы жасады», — деді министр 28 ақпанда.
Алғашқы соққылар Иранның орталық бөлігіне бағытталған. Ислам сақшылары корпусына (ИПАҚ) жақын саналатын Fars ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегерандағы Данешга (Университет) және Жомхури (Республика) көшелеріне «бірнеше зымыран түскен».

Қауіпсіздік шаралары және белгісіздік

Қазіргі сәтте шабуылдан зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, жағдайдың өте күрделі екенін Tasnim агенттігінің «Иранның әуе кеңістігі толықтай жабылды» деген хабарламасы растай түседі.
Соғыс өрті тек Иранмен шектелмесі анық. Шабуылдан кейін бірден Израильдің түкпір-түкпірінде әуе дабылының үні (сирена) естіле бастады. Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Иран тарапынан қарымта соққы болуы ықтимал екенін ескертіп, өз тұрғындарына қауіпсіз аймақтар мен бомба паналайтын жерлерге жақын жүруге қатаң нұсқау берді.

Соғыс географиясының кеңеюі: Бахрейн, Катар және БАӘ

Қақтығыс тек екі елдің шекарасымен шектелмей, Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге де таралды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек:

  • Бахрейн: АҚШ-тың бесінші флотының кемелері шоғырланған бұл елде де жойқын жарылыстар естілген.
  • Катар мен БАӘ: Иран зымырандары бұл елдердің аумағына да шабуыл жасаған. Халықаралық ақпарат құралдары Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде жарылыстар болғанын хабарлап үлгерді.
  • Әуе кеңістігінің жабылуы: Жағдайдың ушығуына байланысты БАӘ билігі елдің әуе кеңістігін уақытша жапқанын жариялады.

Тегеранның соңғы ескертуі

Иран Қорғаныс министрлігі бұл әрекеттердің тек бастамасы екенін меңзеп, ресми мәлімдеме жасады. Тегеран жасалған шабуылдарға жауап ретінде Американың аймақтағы барлық әскери базаларына соққы жасайтынын кесіп айтты. Бұл мәлімдеме Таяу Шығыстағы АҚШ-тың барлық нысандарының нысанаға алынғанын білдіреді.

Соққының салдары: Резиденцияға шабуыл және жоғары лауазымды тұлғалардың тағдыры

Әскери операцияның алғашқы толқыны Иранның саяси элитасына соққы беруді көздегені белгілі болды. Ирандық Shargh ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тегерандағы Президент резиденциясы мен оның штаб-пәтерінетікелей соққы тиген.
New York Times басылымы Израиль күштік құрылымдарындағы үш дереккөзге сүйене отырып, бұл операцияның басты мақсаты — Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің көзін жою болғанын жазды. Дегенмен, Иран тарапы Президент Масуд Пезешкианның соққыдан зардап шекпегенін хабарлап, қауіпсіздігіне кепілдік берді.

Әлем елдерінің реакциясы: Дипломатия мен айыптау арасында

  • Иран аумағына жасалған соққы әлемдік саяси аренаны екіге бөлді. Батыс елдері жағдайды тұрақтандыруға тырысса, Ресей мен аймақтағы өзге де ойыншылар кескіндемелі мәлімдемелер жасауда.
  •  Ұлыбритания: Ресми Лондон бұл әскери операцияға қатыспағанын мәлімдеді. Үкімет Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу керектігін айта отырып, мәселені тек келіссөз арқылы шешуді қолдайтынын жеткізді.
  •  Еуроодақ: ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас Израиль СІМ басшысы Гидеон Саармен сөйлесіп, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу үшін араб серіктестерімен жұмыс істеп жатқанын айтты.
  • Германия: Канцлер Фридрих Мерц Израильдің бұл соққы туралы Берлинді алдын ала құлағдар еткенін растады. Ол келесі аптада Вашингтонға барып, Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отыр.
  • Франция: Президент Эммануэль Макрон БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды талап етті. Оның пайымдауынша, Тегеран ядролық амбициясынан бас тартып, келіссөз үстеліне отыруы тиіс.
  •  Ресей: Ресей тарапы АҚШ пен Израильдің әрекетін қатаң айыптап, оны «себепсіз қарулы басқыншылық» деп атады. Ресей СІМ бұл қадамды халықаралық құқықты бұзатын және «қолайсыз мемлекеттің басшылығын жоюды» көздейтін авантюра деп бағалады.

Логистикалық дағдарыс: Air Astana рейстерін шегерді

  • Таяу Шығыстағы әскери қимылдар мен Иранның әуе кеңістігінің жабылуы отандық авиация саласына тікелей әсер етті. 28 ақпан күні қазақстандық Air Astana әуе компаниясы қауіпсіздік мақсатында рейстер кестесіне шұғыл өзгерістер енгізілгенін жариялады.
    Әуе компаниясының ресми хабарламасына сәйкес, бірнеше бағыт бойынша ұшақтар кері қайтарылды немесе қосалқы әуежайларға қондырылды:
  • Кері қайтқан рейстер: KC263 (Алматы — Медина), KC897 (Алматы — Дубай), KC653 (Алматы — Доха), сондай-ақ Астанадан Дубайға бағытталған KC205 және КС207 рейстері ұшып шыққан әуежайларына қайта оралды.
  •  Бағытын өзгерткендер: Алматы-Дубай (KC899) рейсі Делиге, ал FlyArystan-ның Ақтау-Дубай (FS7617) рейсі қосалқы әуеайлаққа бағытталды.
    28 ақпан күндізгі мәлімет бойынша, Таяу Шығысқа жоспарланған қалған барлық рейстер тоқтатылды. Әуе компаниясы жолаушыларға кестені үнемі қайта тексеріп отыруға кеңес береді.

Ирандағы қазақстандықтардың жағдайы

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің 28 ақпандағы дерегінше, қазіргі уақытта Иран аумағында 96 қазақстандық жүр. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстар мен соққылардан зардап шеккен отандастарымыз жоқ. Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button