Түркістанда ерекше жандардың еңбек етуіне қандай жағдай жасалған?

Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуі мен экономикалық белсенділігін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы орайда Түркістан облысында арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтарды жұмысқа орналастырудың жаңа тетіктері іске қосылып, нақты нәтижелер көрсетілуде, деп хабарлайды turkistanlife.kz

«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде өңірде мүгедектігі бар жандарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту және олардың кәсіби біліктілігін арттыру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастама азаматтардың табысын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуына жол ашпақ.
2025 жылы мүгедектігі бар 6538 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4689 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Бұл – жоспардың 71,7 пайызы дейді сала өкілдері.

Жұмыспен қамту шараларымен қамтылған 4689 азаматтың 2341-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, 1230 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. 840 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілсе, 278 адамға жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант берілген.

Уақытша жұмыс орындарына жолданғандар арасында 110 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 156 адам – жастар практикасына, 775 адам – қоғамдық жұмыстарға, 47 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 142 адам – «Күміс жас» жобасына тартылды.

Сондай-ақ ауыр және зиянды еңбек жағдайларын есептемегенде, жұмыс орындарының 2-4 пайызы көлемінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған квота белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 302 адамға квота белгіленіп, оның 299-ы нақты жұмысқа орналастырылды. Көрсеткіш – 99 пайыз.
Айта кетейік, 2026 жылы облыс бойынша 6600 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар еңбек нарығына қолжетімділікті арттыруға және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған.



