Отырарда банан өсіретін алғашқы жылыжай ашылды

Отырар ауданына қарасты Шәмші ауылындағы «Otyrar GeoBanana» жылыжай кешенінде алғашқы банан көшеттері отырғызылды. 0,03 гектар аумақты қамтитын бұл тың жоба өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа қырынан танытып отыр, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы банан өсіруді қолға алған кәсіпкердің жұмысымен танысу үшін жылыжай кешеніне арнайы барды. Аудан басшысы заманауи агротехнологиялар негізінде жүзеге асып жатқан бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«Банан өсіру — Отырар өңірі үшін мүлдем жаңа бағыт. Мұндай инновациялық жобалар тек импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жергілікті экономиканың өсіміне елеулі үлес қосады», — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Кездесу барысында кәсіп иесі Рамазан Кенжебаевқа сәттілік тілеген аудан басшысы, бұл тәжірибенің болашақта ауқымы кеңейетініне сенім білдірді. Жаңа жоба аясында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, өңірде экзотикалық жеміс өндірісі жолға қойыла бастады.



