Отырарда су арналары қалай жаңартылып жатыр?

Отырар ауданында егістік алқаптарын сумен іркіліссіз қамтамасыз ету мақсатында ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды turkistablife.kz
Бүгінде жоспарланған 62,7 шақырым каналдың жартысынан астамы механикалық тазалаудан өтіп, бірқатар стратегиялық нысандарды бетондау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы арасындағы келісім аясында аудан аумағындағы каналдарды тазалау және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 62,7 шақырымды құрайтын 18 канал бойынша механикалық тазалау жұмыстары қолға алынып, 7 арнайы техника мен 15 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда жоспардың 57 пайызы орындалды.

Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында нақты жұмыстар да атқарылуда. Ақтөбе ауыл округіндегі ұзындығы 3,4 шақырымдық «Ақарық» каналы толық бетондалды. Қоғам ауыл округіндегі 5 шақырымдық «Серібек» каналында бетондау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал «Алтынбеков» каналының 10,7 шақырымдық бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жақын арада басталады.

Жалпы атқарылып жатқан шаралар егістік алқаптарын уақытылы және сапалы сумен қамтамасыз етуге, су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты қадағалауда болып, кезең-кезеңімен жалғасады.



