Түркістанда көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары қарқын алды

Қала аумағында көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы жергілікті атқарушы орган өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Қазіргі таңда туристік нысандарда, көшелер мен тұрғын үйлер аулаларында тазалық сақтау, қоқысты дер кезінде шығару, жол жиектерін ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, көктемгі кезеңге байланысты көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілген. Атап айтқанда, жасыл желектерді күтіп ұстау, суару жүйелерін реттеу, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды қалпына келтіру шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы бүлінген инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, орындықтар мен жарық шамдары жөнделіп, балалар және спорт алаңдары ретке келтірілуде.

Мамандардың айтуынша, туристік маусымның басталуы және Наурыз мерекесі қарсаңында қалаға келушілер санының артуы ескеріліп, туристік және тарихи-мәдени нысандардың санитарлық жағдайы тұрақты бақылауға алынған.

Жалпы, қоғамдық орындарда тазалық сақтау, қызмет көрсету сапасын арттыру және қала келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар күнделікті негізде ұйымдастырылып, тиісті мекемелердің үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілуде.


