Арыс қаласында 18 жасқа толған алғашқы сайлаушы дауыс берді

Бүгін елімізде өтіп жатқан референдумда Түркістан облысының жастары ерекше белсенділік танытуда. Атап айтқанда, Арыс қаласында 18 жасқа толған алғашқы сайлаушы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Арыс қаласының тұрғыны Карим Айкүміс Құдайбергенқызы үшін бүгінгі күн екі есе мереке. Кәмелет жасына толған бойда сайлау учаскесіне келген бойжеткен өзінің алғашқы дауысын берді. 18 жасқа толуымен қатар еліміздің болашағын айқындайтын маңызды саяси науқанға қатысуы ол үшін тарихи сәт болды.

Жас сайлаушылардың саяси науқанға қатысуы — елдегі демократиялық құндылықтардың нығаюына және жас буынның мемлекеттік маңызы бар шешімдерге жауапкершілікпен қарауына тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, Түркістан облысында дауыс беру құқығына ие азаматтар саны — 1 187 257. Бұл өңір халқының 55,4 пайызын құрайды. Осы референдумда өңір бойынша 37 796 жас азамат алғаш рет дауыс беруге мүмкіндік алады. Дәл 15 наурыз күні 135 адам кәмелет жасына толып, референдумда алғаш рет өз таңдауын жасайды.


