Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Кимешегін кие тұтқан түркістандық ана

Түркістанда ұлттық құндылықтардың тірі шырақшысына айналған 75 жастағы Қарлығаш Сайлаубекқызының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа нағыз ғибрат.

Кейіпкеріміз ширек ғасырдан бері аппақ кимешегін басынан тастамай, қазақ әжесінің асыл бейнесін шаһар көшелерінде мақтанышпен дәріптеп келеді. Ол тек ақ жаулығымен ғана емес, елдің мұңын мұңдап, қоғамдық мәселелерді өткір көтеретін қайсарлығымен де жұрт арасында «қарт журналист» атанып, ерекше құрметке бөленген. Бүгінгі әңгімеміз – ұлттық кодты ұлықтауды өз болмысынан бастап, Түркістанның рухани келбетіне айналған ақ жаулықты ананың тыныс-тіршілігі жайында болмақ.

Түркістанның әр тасы тарихтан сыр шертіп, әр көшесінен ежелгі шаһардың тынысы сезіледі. Алайда бұл киелі мекеннің нағыз рухы – оның жауһар ескерткіштерінде ғана емес, сол руханияттың отын сөндірмей, бүгінгі күнмен сабақтастырып отырған асыл қарияларында болса керек. Сондай жанның бірі, Түркістанның тірі тарихындай болған – 75 жастағы Қарлығаш Сайлаубекқызы Сейтжаппарова.

Қарлығаш апаның тамыры Арқаның өр мінезді Қарағандысында жатқанымен, бүгінде ол кісі киелі Түркістанның нағыз жанашыры, шаһардың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан жанды дауысы. 2000 жылы Түркістанға қоныс аударған сәттен бастап, ол қара басының қамын емес, қауымның қажетін түгендеуге білек түре кіріскен. Бекзат мөлтек ауданының тозығы жеткен жолдары мен инфрақұрылымы үшін шырылдап, тұрғындардың басын қосып, тиісті орындарға халықтың аманатын жеткізе білген. Кейінірек «Батыр аналар» ұйымының тізгінін ұстап, 300-ден астам ақ жаулықты әженің басын бір арнаға тоғыстырды. Қоғамдағы кез келген әділетсіздікті көрсе, өткір тілімен түйреп, оны билік мінберіне дейін жеткізетін қайсарлығы үшін жұрт оны сүйсіне отырып «қарт журналист» деп атап кеткен. Бүгінде мерейлі 75 жасқа толса да, Қарлығаш Сайлаубекқызының күш-жігері сарқылған емес. Оның әрбір таңы қаланың әрбір жаңалығына үн қосудан, жастарға жөн сілтеп, ақыл айтудан басталады.

Қарлығаш апаның ең үлкен мақтанышы – басындағы ақ кимешегі. Ол бұл қасиетті бас киімді 2000 жылдан бері тастамай киіп келеді. Оның айтуынша, бұл кимешек өз енесінен қалған асыл мұра. Кимешекті тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірдің сәніне айналдырған қарияның ұстанымы нық.

«Пойызбен туған жеріме бара жатқанда, немересін ерткен әжені жолықтырдым. Кішкентай бала маған қарап «Асыл әже» деп ат қойыпты. Оның санасындағы әже бейнесі кимешек киген кейіп екен. Ал туған әжесінде кимешек жоқ. Замандасымның үйінде енесінен қалған кимешек сандықта жатқанын, бірақ оны киюге ұялатынын білгенде қарным ашты. Ұлттық киімді тек мерекеде киіп, ертесіне шешіп тастау — үлкен қателік», – дейді кейіпкеріміз.

Апамыздың айтуынша, Түркістан туризм орталығына айналған шақта ұлттық кодты насихаттау өте маңызды. Ол үшін біреуге еліктеудің қажеті жоқ, тек өз тамырымызға оралсақ жеткілікті. Кимешектің құдіреті сондай, ол адамдардың жүрегіндегі ең асыл сағыныштарын оятады.

«Жақында ғана бір жас қыз келіп: «Қандай әдемісіз, сізге ұқсайтын әжем бар еді, қайтыс болып кетті. Сізді құшақтасам бола ма?» деп өтінді. Екеуміз ұзақ құшақтастық. Көрдіңіз бе, бір кимешектің өзі қаншама естелікті, қаншама құндылықты қозғап тұр. Қазақтың дәстүрі өзімізден басқа кімге керек? Жастарды тәрбиелегің келсе – өзіңді тәрбиеле. Біз оларға үлгі болуымыз керек», – деп түйіндеді сөзін Қарлығаш апа.

Көшеде өзін құшақтаған бейтаныс қыздың ықыласы мен пойыздағы бүлдіршіннің «Асыл әже» деген ілтипаты Қарлығаш апа таңдаған жолдың дұрыстығына ең үлкен дәлел. Бүгінде Түркістан көшелерінен ақ кимешегі желбіреген әжелерді көру киелі шаһардың рухани келбетін айшықтай түсетін көрініс. Біз іздеген ұлттық код сандық түбіндегі сарқыт емес, ол бүгінгінің тынысымен үндескен ақ кимешектің аппақ нұры. Әр күнін қаланың қамымен өткізетін қарияның бұл қайсарлығы жастар үшін нағыз мектеп. Қарлығаш апаның ақжарма көңілі мен киелі кимешегі барда, қазақтың дәстүрі мен тәрбиесі Түркістанның төрінде мәңгі салтанат құра бермек.

Ғалия Бисейіт

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button