Басты жаңалықтар
Түркістан облысындағы кезекті қабылдауда қандай мәселе көтерілді?
Түркістан облысында халықпен кері байланыс орнату және тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

Өңірдегі өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кезекті азаматтарды қабылдау жиынын өткізді. Ашық диалог алаңында тұрғындар өздерін толғандырған жеке мәселелерін жеткізіп, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар алды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қабылдауға жауапты басқарма басшылары мен қала әкімінің орынбасары қатысып, әр мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындар тарапынан сан түрлі әлеуметтік және қоғамдық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жекеменшік мектепті ашуға қаржылай қолдау көрсету, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлеріне сауықтыру шипажайында демалуға жолдама беру, соғыс ардагерлеріне арналған бұрыш ұйымдастыру, сондай-ақ жастарға арналған турнир өткізу мәселелері айтылды. Сонымен қатар осыған дейін көтерілген мәселелердің шешілгенін айтып, алғысын білдіргендер де болды.

Өтініштерді мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде жалғастырады. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.



