Басты жаңалықтар

Жетісайға ірі инвестиция тартылуда

Түркістан облысының оңтүстік қақпасы — Жетісай ауданы ірі инвесторлардың назарына ілікті. Өңірде салынатын жаңа электр станциясы аймақтың өндірістік картасын өзгертуге қауқарлы. Инновациялық жоба аясында тартылатын қомақты қаржы ауданның салық базасын нығайтып, жаңа индустриялық аймақтардың ашылуына негіз қаламақ, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Аудан әкімі Серік Мамытов шетелдік «BS-ENERGY CAPITAL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, табиғи газ негізінде электр энергиясын өндіретін жаңа станция салу мәселесін талқылады. Жоспарға сәйкес, «Жетісай» индустриялық аймағындағы 3 гектар аумақта заманауи электр станциясы бой көтереді. Оның жылдық қуаты 51,6 МВт болмақ. Бұл өндірістік аймақта ашылатын кәсіпорындардың үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа станция индустриялық аймақта жоспарланған 9 кәсіпорынды 15 МВт электр қуатымен толық қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына қажетті 27 МВт электр қуатының бір бөлігін өндіреді. Нәтижесінде Жетісайдағы электр тапшылығы азайып, халық пен кәсіпкерлік үшін тұрақты энергия көзі қалыптасады.
Жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары. Құрылыс кезеңінде 120 адам уақытша жұмыспен қамтылса, станция толық іске қосылғаннан кейін 45 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда индустриялық аймақтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 3 МВт қуаттылығы бар ВЛ-10 кВт электр желісі тартылып, сағатына 1 650 текше метр табиғи газ жеткізетін газ құбыры жүргізілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button