Күндерек

«ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы 79 мемлекеттік қызмет қолжетімді

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1448 қызметтің 1278-і онлайн қолжетімді, ал «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы 79 қызмет түрін оңай алуға болады, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Қосымшада қазіргі таңда 18 негізгі сервис іске қосылған. Сонымен қатар бейнеқоңырау арқылы қашықтан көрсетілетін 79 қызмет түрі қолжетімді. Бұл азаматтарға бөлімшеге бармай-ақ, онлайн форматта кеңес алып, қажетті қызметтерді рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, 2025 жылы «ЦОН» мобильді қосымшасын 2 миллионнан астам азамат жүктеген. Ал 2026 жылдың басынан бері қосымшаға шамамен 370 мың жаңа пайдаланушы тіркелген. Қосымша арқылы азаматтар кезекті алдын ала жоспарлап, электронды QR-талон алу, өтініштердің мәртебесін қадағалау және дайын құжаттардың жеткізілуін онлайн бақылау мүмкіндігіне ие.

Пайдаланушылар арасында ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – электронды талон алу. Қосымша іске қосылған уақыттан бері 3,5 миллионнан астам электронды талон рәсімделген. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет көрсету үдерісін оңтайландырып, азаматтардың уақытын үнемдеуге ықпал етті.

Сондай-ақ, қосымша арқылы көлікке қатысты бірқатар қызметтер де цифрлық форматта ұсынылады. Атап айтқанда, автокөлікті сатып алу-сату шартын рәсімдеу, көлік тарихын тексеру, мемлекеттік тіркеу нөміріне тапсырыс беру және жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу қызметтері қолжетімді.

Мемлекеттік корпорация өкілдерінің айтуынша, «ЦОН» мобильді қосымшасы халықпен өзара байланыс орнатудың тиімді онлайн платформасына айналып отыр. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында аталған қосымша арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button