АҚШ пен Иран арасындағы кезекті келіссөздер 17 ақпанда Женевада өтеді

АҚШ пен Иран арасындағы ирандық ядролық бағдарламаға қатысты жанама келіссөздер 17 ақпанда Швейцарияның Женева қаласында өтеді. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді , деп хабарлайды turkistanlife.kz inform.kz сілтеме жасап .
АҚШ делегациясының құрамында АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнер болуы мүмкін.
Иран тарапынан делегацияны Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарады. Ал келіссөздерге делдал ретінде Оманның сыртқы істер министрі Бедр бин Хамед әл-Бусаиди қатысады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі алғашқы келіссөздер Оман астанасы Маскат қаласында өткен. Иранның IRNA агенттігінің хабарлауынша, ол кездесуде өңірлік қауіпсіздік, зымыран бағдарламасы және өзге де мәселелер талқыланбаған.
Оман тарапы алғашқы кездесу барысында екі елдің ұстанымдары нақтыланып, алдағы келіссөздерге бағыт-бағдар айқындалғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл келіссөздер былтырғы шиеленістен кейінгі жоғары деңгейдегі алғашқы дипломатиялық байланыс саналады. Шиеленіс АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін, Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыс аясында күшейген болатын. Келіссөздер әскери шиеленіс қаупі сақталып тұрған кезеңде өтіп жатыр.



