Басты жаңалықтар

Түркістанда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Тула жүрек» поэзия кеші өтті

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Тула жүрек» атты әдеби кеш өтіп, Мұқағали поэзиясы заманауи бағытта насихатталды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асқан жоба жастарды әдебиет әлеміне баурап, ақын жырларын жаңа қырынан танытты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Шара әсерлі қойылыммен басталып, қатысушылардың назары бірден оқырман жүрегіне жол табатын поэзияның терең әлеміне ауды. Кешті ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов жүргізді.

Кеш барысында ақынның сыршыл, терең мағыналы өлеңдері оқылды. «Болашақ» колледжінің студенттері мен «Ұлттық ұлан» 5574 әскери бөлімінің сарбаздары арнайы дайындаған жырларын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар ашық микрофон форматында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар Мұқағали поэзиясындағы адам, махаббат, өмір және туған жер тақырыптары төңірегінде ой бөлісті.

Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың поэзия кешіне қатысуы шараның мазмұнын байытып, олардың рухани дамуына және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Кеш соңында кітапхана директоры Жанат Сәдәбекқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан қадірлі қонақтарға және кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

«Түнгі кітапхана» жобасы алдағы уақытта да жалғасып, түнгі тыныштықта жыр мен ойды тоғыстырған мазмұнды кештермен оқырман қауымды қуанта бермек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button