Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Түркістан облысында тұрғындарды жұмыспен қамту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы жұмыссыздықты азайтуға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» қабылданды. Құжат аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Жыл қорытындысы бойынша 147 719 тұрғын жұмыспен қамтылып, жоспар артығымен орындалды. Оның ішінде 100 046 тұрақты, 47 673 уақытша жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аппарат мәжілісінде жұмыспен қамту — өңір үшін негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды. Әкім субсидияланатын жұмыс орындары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы аясындағы жұмысқа орналастырудың нақты орындалуын талап етті.
Жиында жұмыспен қамту жоспары орындалмаған бірқатар аудан және қалалардың есептері тыңдалып, ескертулер берілді. Басқарма мәліметінше, еңбекпен қамту бес бағыт бойынша жүзеге асқан. 2026 жылға арналған карта аясында 74 516 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, соның ішінде 54 481 тұрақты жұмыс орны ретінде қарастырылған. Жұмыс күшінің бір бөлігі инфрақұрылым, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм және ауыл шаруашылығы салаларына тартылатын болады.



