Басты жаңалықтар

Қазақстанда заманауи мектептер саны артып келеді

Қазақстанда «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 жаңа мектеп салынды

2024–2025 жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жоба нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектеп мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов аталған жобаның нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, 217 мектептің 105-і 2024 жылы, ал 112-сі 2025 жылы іске қосылған. Жоба аясында 52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам білім ордасындағы орын тапшылығы қысқарған. Барлық мектеп бірыңғай стандарт бойынша салынып, қала мен ауыл балаларына тең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Айта кету керек, салынған мектептердің 87-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл өз кезегінде білім сапасының қолжетімділігін арттырып, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтуға мүмкіндік берді.

Құрылыс жұмыстары екі негізгі механизм арқылы жүзеге асырылған. Оның бірі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы орталықтандырылған «кілтпен тапсыру» форматы болса, екіншісі – жергілікті әкімдіктердің жеке инвесторлар салған дайын мектептерді сатып алуы.

Жобаға шамамен 30-ға жуық мемлекеттік орган мен ұйым қатысқан. Құрылыс барысында отандық материалдар кеңінен қолданылып, бұл ұлттық экономикаға оң әсерін тигізген. Сондай-ақ жаңа мектептер 300-ден 2500 оқушыға дейінгі сыйымдылықта 7 санат бойынша біріздендірілген. Бұл құрылыс сапасын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button