Тек хандар аттаған табалдырық
Түркістанның қақ ортасынан хандар мінәжат еткен бірегей кешен табылды

Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы айтулы жаңалықпен қуантты. Көне шаһардың рухани картасында тағы бір маңызды нысан – реставрациядан өткен және экспозициясы жаңарған «Хан мешіті» табылды.

Түркістан көшелерімен жүріп келе жатып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 метр ұзасаңыз, Жеті ата көшесінің бойында ерекше сәулетті нысан көзге түседі. Бұл кезінде хандар мен сұлтандар ғибадат еткен қасиетті мекен. Нысанның табылу тарихының өзі бір хикая. Дәл осы тарихи нысан БАҚ өкілдері мен туроператорларға арнайы таныстырылып, көне шаһардың жаңа туристік соқпағы ретінде жарияланды.
Баспасөз саяхаты барысында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков бұл жердің қалай анықталғаны туралы құнды деректермен бөлісті.
«Бүгін назарларыңызға ұсынылған Хан мешіті — Хан ордасымен тікелей байланысты ғимарат. Хан ордасы өздеріңізге белгілі, археологиялық жұмыстардың барысында анықталған болатын. Оған негіз болған 1720 жылы Мессершмидттің «Сібірге экспедиция» атты еңбегіндегі Түркістан мен Бұхара қалаларының карталары еді. Сол карталардағы із бойымен Хан ордасының орны ашылды. Осы Ордаға қарама-қарсы бөлікті қазған кезде археологтар бұл нысанды «Хан мешіті» деген шешімге келді», — дейді Мұрат Тастанбеков.

Біз мешіттің ішкі құрылымын мұқият аралап шықтық. Мамандардың айтуынша, бұл жердің «Хан мешіті» екенін дәлелдейтін басты айғақ — ғимараттың ішіндегі қосымша шағын бөлме.

Ғалымның түсіндіруінше, жамағат намаз оқитын үлкен залдан бөлек, мұнда мемлекет басшыларына арналған арнайы орын қарастырылған. Тарихтан белгілі болғандай, бұл лауазымды тұлғалардың оңаша намаз оқитын, «Мақсура» (немесе Масхура) деп аталатын бөлмесі. Бұл термин араб тілінен аударғанда «оқшаулану» деген мағынаны береді. VII ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың басында Ислам әлемінде билеушілерге қастандық жасалу қаупі жоғары болғандықтан, осындай оңаша бөлмелер салу дәстүрі қалыптасқан.

Хандар мұнда Орда жақтан келетін жеке есік арқылы кіріп, ел тағдыры шешілер сәтте Жаратушыға мінәжат еткен. Тіпті, бұл шағын Мақсура мешітінің өз михрабы мен жеке имамы болғандығы оның жоғары мәртебесін айқындай түседі. Хан мешіті тек бір залдан тұрмайды, ол бірнеше функционалдық бөліктерді қамтитын күрделі кешен.

Археологиялық зерттеулер барысында келесі нысандар қазылып, зерделенген:
- Жамағатхана (Джами): Жергілікті тұрғындар мен қонақтар бес уақыт намаз оқитын негізгі үлкен зал. Ол басты көшеге бағытталған.
- Тахаратхана: Сыртқы аулада орналасқан, арнайы дәрет алуға арналған бөлме.
- Тұрғын үй мен шаруашылық орындары: Кешен аумағында екі бөлмелі тұрғын үй, қазандық және құдықхана орындары зерттелген.
Археологтар мен реставраторлардың қажырлы еңбегінің арқасында 2015 жылы нысан толық қалпына келтіруден өткен. Бүгінде нысан тек қабырғасы қаланған ескерткіш емес, толыққанды музейлік кешен. Экспозиция залында қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер — көне керамика бұйымдары мен тұрмыстық заттар қойылған.

«Қазіргі таңда туристік маусымның ашылуына орай «Хан мешіті» маршруттары қосылып жатыр. Мұнда бірнеше бөлмелер бар, соның ішінде қазба кезінде табылған жәдігерлер қойылған арнайы бөлме және келушілер үшін ашық жамағат мешітінің залы бар», — деп толықтырды Мұрат Тастанбеков.

Хан мешітінің қайта түлеп, туристерге жол тартуы Түркістанның тарихи бейнесін толықтыра түспек. Бұл жерде сіз тек сәулет өнерін көріп қана қоймай, қазақ хандарының күнделікті тұрмысы мен рухани өміріне куә боласыз.Түркістанға жолыңыз түссе, тарихтың жаңа парағын парақтау үшін Хан мешітіне соғуды ұмытпаңыз. Ескі шаһардың әр тасы сыр шертетін бұл мекен сізді бей-жай қалдырмасы анық. Бұл қазақ ақсүйектерінің тынысын, олардың рухани әлемін сезінуге мүмкіндік беретін киелі орын.
Ғалия Бисейіт



