Түркістанға TURKPA халықаралық байқаушылары келді

Қазақстан Республикасындағы республикалық референдумның өту барысын бақылау мақсатында Түркістанға TURKPA халықаралық байқаушылары келді.

Делегация құрамында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Тахир Акююрек, Филиз Кылыч, Кадим Дурмаз, сондай-ақ TURKPA Хатшылығының Сыртқы байланыстар және протокол департаментінің қызметкері Еркан Дурдулар, TURKPA Комиссиясының хатшысы Кадир Яман, TURKPA-ның зерттеу жөніндегі сарапшысы Камила Музаффарлы бар. Делегация мүшелері Түркістан облыстық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев және комиссия мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында комиссия мүшелерінің біліктілігі және референдум учаскелерінің дайындығы талқыланды. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч Түркия мен Қазақстан арасындағы достық әрі бауырластық қарым-қатынасты атап өтіп, референдумның барлық заң талаптарына сай жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.

Республикалық референдумды Түркістан өңірі бойынша ұйымдастыру және өткізу үшін 948 референдум учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру құқығына ие азаматтар саны – 1 187 257, бұл өңір халқының 55,4 пайызын құрайды.



