Басты жаңалықтар

Қожа Ахмет Ясауи университетінде «AI STARTUP HUB» инновациялық кеңсесі ашылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында цифрландыру және жасанды интеллектке негізделген жобаларды дамытуға арналған «AI STARTUP HUB» инновациялық кеңсесі ашылды. Іс-шара барысында университет мамандары әзірлеген AI-Jan жобасын өңірлік деңгейде енгізу бойынша ведомствоаралық меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жаңа бастама Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп белгілеу бастамасы аясында жүзеге асырылды.

«AI STARTUP HUB» – университетте жасанды интеллектке негізделген жобаларды әзірлеу, цифрлық технологияларды дамыту және стартаптарды қолдауға бағытталған инновациялық орталық. Кеңсе оқу орнының Өкілетті Кеңесінің қолдауымен қаржыландырылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, университет ректоры Жанар Темірбекова және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Іс-шара барысында AI-Jan жобасын өңірлік деңгейде енгізу жөніндегі ведомствоаралық меморандумға қол қойылды. Құжат «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік маңызы бар салаларға енгізуге бағытталған.

AI-Jan – білім беру ұйымдарындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану және құқықбұзушылық тәуекелдерін ерте анықтауға арналған цифрлық платформа. Жоба анонимді хабарламалар қабылдап, тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы талдау мүмкіндігімен ерекшеленеді. Бұл қауіптердің алдын алуға және жедел әрекет ету шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында платформаны Түркістан облысындағы мектептер мен колледждерде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар іс-шара барысында ATARINO компаниясымен онлайн форматта ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа компанияның негізін қалаушы Ардақ Құсайынова мен университет ректоры Жанар Темірбекова қол қойды.

Бұл келісім университеттің экожүйесін халықаралық деңгейде дамытуға, тәжірибе алмасуға және отандық стартаптарды әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button