Қазақстандағы инвестиция көлемі 22,7 триллион теңгеге жетті

2025 жылы Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция 22,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті (19,5 трлн теңге), деп хабарлады turkistanlife.kz
Ең серпінді өсім қаржы және сақтандыру қызметінде байқалды – 88,4%, 313,5 млрд теңгеге дейін. Сондай-ақ негізгі салаларда инвестиция көлемі артты:
•электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен жабдықтау – 53,1%;
•ауыл шаруашылығы – 53%;
•өңдеу өнеркәсібі – 30,1%;
•ақпарат және байланыс – 13,4%;
•білім беру – 9,2%;
•көлік және қойма саласы – 9%.
2025 жылғы 9 айда Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция 14,9 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 10,9%-ға көп.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы елге қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға, шикізаттық емес секторға инвестиция тартуға бағытталған. Елде инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі – сыртқы, орталық және өңірлік – тиімді жұмыс істейді.
Құжатта инвесторларды кешенді сүйемелдеу, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, өңірлік инвестициялық штабтарды күшейту және құқықтық қорғауды қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда рәсімдер жеңілдетіледі, инвестициялық омбудсмен мен прокурорлар тағайындалады.



