Басты жаңалықтар

Түркістандық жас спортшылар Азия ойындарында топ жарды

Бахрейн астанасы Манамада өткен жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындары аяқталды. Дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғаған түркістандық балуандар мен боксшылар ел қоржынына жүлде салып, туған жерінде салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Атап айтсақ, еркін күрестен Қазақстан құрамасы сапында 71 келі салмақта Нұртай Наров пен 45 келі салмақ дәрежесінде Ағабек Бақдаулет қола жүлде жеңіп алса, 60 келі салмақта Бегасыл Асанбек алтын медальға ие болды. Бокс бойынша 50 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрмахан Жұмағали барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанса, ал 46 келі салмақта бақ сынаған Арман Мырсабит күміс жүлдеге қол жеткізді.

Осы орайда, бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Азия ойындарының жеңімпаздарын қабылдап, облыс мерейін асқақтатқан спортшыларға құрмет көрсетті.

– Бұл – төрт жылда бір өтетін және Азия құрлығындағы ең беделді әрі бәсекесі жоғары халықаралық дода. Осындай дүбірлі додада еліміздің көк туын желбіретіп, өңіріміздің намысын қорғап, намысты әрі тартысты сайыстарда жүлделі оралған спортшыларымызға мың алғыс. Алдағы халықаралық жарыстарда да биік нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатуларыңызға тілектеспін. Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырынан көріну – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button