Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Түркістандағы Ұлттық ұланда өнерлі сарбаздар әскери борышын өтеп жүр

Түркістандағы Ұлттық ұлан сапында «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерлі сарбаздар әскери борышын абыроймен өтеп жүр. Олар әскери қызметпен қатар, бойларындағы өнерін де шыңдап келеді. Ән айтып, домбыра тартып, гитара мен барабанда ойнайтын жігіттердің бәрі бір бөлімге жиналған. Тіпті олардың арасында сегіз түрлі музыкалық аспапта еркін ойнайтын сарбаз да бар.

Өнері көп сарбаздардың бірі – Аллажар Қорғанов. Ол қылқаламды жанына серік еткен жас суретші. Әскерде жүрсе де бала күнгі арманы – шығармашылықпен айналысуды тоқтатпаған. Сурет салу – оның сүйікті хоббиі. Қазіргі таңда ол қазақтың ұлт зиялыларының бейнесін қағазға түсіріп, өнер арқылы насихаттаумен айналысып жүр. Бос уақытында сарбаз достарына да сурет салып береді. Тіпті кейбір жауынгерлер сүйіктісінің немесе жақындарының бейнесін салдырып алуға да өтініш білдіреді. Осылайша ол әскердегі сағынышын өнер арқылы жеңіп жүр.

«Әскерде жүріп сурет салдыруды сұрайтын балалар да бар. Бірі анасының, бірі сүйіктісінің суретін салдыртады. Маған сурет салу қатты ұнайды, тіпті шаршамаймын десем де болады. Болашақта атым музейлерде аталатындай деңгейдегі суретші болсам деген арманым бар», –дейді Аллажар Қорғанов.

Әскери бөлімде Аллажардан бөлек те өнерлі сарбаздар жетерлік. Солардың бірі – елордадан келген Рамзат Әзизулла. Музыкалық білімі бар сарбаз өнерлі отбасында дүниеге келген. Ол әскери кештердің көркін қыздырып қана қоймай, музыкаға қызығатын сарбаздармен бірге түрлі шығармаларды орындап жүр. Рамзат сегіз түрлі музыкалық аспапта еркін ойнайды.

«Домбыра, гитара, фортепиано сияқты бірнеше аспапта ойнаймын. Концерттер болатын кезде дайындалып, өнерімізді көрсетуге әрдайым дайынбыз. Бізге бұл өте ұнайды», – дейді.

Түркістанда бір жыл бұрын ашылған 5574 әскери бөлімінде бүгінде 200-ден астам сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Болашақта талантты сарбаздарды біріктіріп, жеке оркестр құру жоспарланып отыр. Сол оркестр құрамына қосылуға ұсыныс алғандардың бірі – сыр өңірінің тумасы Әрсен Қанатұлы. Бұған дейін түрлі той-думандарда өнер көрсеткен ол алдағы уақытта бұл ұсынысты қабылдауға ниетті екенін айтады.

Әскер – тек қатаң тәртіп емес. Бұл – жігітті шыңдап, өнерін ұштайтын орта. Мұны Түркістандағы Ұлттық ұлан сарбаздарының ұйымшылдығы мен таланты дәлелдеп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button