Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы қашан басталатыны белгілі болды

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 2026 жылғы шілде–тамыз айларында іске қосылуы мүмкін екенін хабарлады.
Оның айтуынша, бағдарлама бойынша Азия даму банкпен меморандумға қол қойылған және қазіргі уақытта барлық ресми құжаттар рәсімделуде. Жоспар бойынша бағдарламаның жалпы көлемі 90 млрд теңге, оның 50%-ы «Жасыл» ипотекаға, 50%-ы – «Ұмай» ипотекасына бағытталмақ.
«Азия даму банкі Қазақстан биржасында теңгемен облигация орналастырады. Егер оның мөлшерлемесі 12–13%-ға төмендесе, бағдарламаны шілде–тамыз айында бастаймыз», – деді Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысынан кейін.
Бағдарламаға қатысу шарттары бойынша:
•Қарыздың ең шекті сомасы 50 млн теңгеге дейін ұлғайтылды;
•Отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы 950 мың теңгеден аспауы тиіс (бұрын 640 мың теңге болатын);
•Баспананы бастапқы және екінші нарықтан алуға болады, тек үйдің пайдалануға берілген жылы 2016 жылдан кейін болуы шарт.
Сондай-ақ, қатысушылардың жасы 18–65 аралығында болуы, ресми табысы болуы және соңғы алты айда зейнетақы жарналарын үздіксіз аударып келгені талап етіледі.
Бұған дейін «Ұмай» бағдарламасын 2025 жылдың басында жаңартылған шарттармен қайта бастау жоспарланған болатын, бірақ іске қосу мерзімі кейінге шегерілді.



